Глубокое ауданында жаңа амбулатория ашылды
Секисовка ауылында ашылған жаңа медициналық нысан инфаркт, инсульт, жарақат және өзге де шұғыл жағдайларда ауыл тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді

Бұл Глубокое ауданында салынатын алты медициналық нысанның үшіншісі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Айта кеткен жөн, дәрігерлік амбулатория "AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасы мен "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасы аясында ашылды.
Енді ауыл халқының денсаулығын нығайту, уақтылы профилактикалық және сауықтыру шараларын өткізу, скринингтік тексерулер жүргізу де жолға қойылады.
Бұған дейінгі амбулатория қарапайым ғимаратта орналасқан еді. Бұл тұрғындар мен дәрігерлер үшін қолайсыз болатын. Қазір ауылымызда жаңа ұрпақ өсіп келеді, ал олардың денсаулығына қарайтын білікті мамандар болса, болашағымыз жарқын болады, – дейді ауыл тұрғыны Елена Блинова.
"AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасында облыс бойынша 36 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда: 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 27 медициналық пункт бой көтереді.
Ауданның өз күшімен мұндай құрылыс жүргізуі қиын болар еді. Халық үніне құлақ асып, "AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасы мен "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасына осы нысандарды салу халықтың сұрауы бойынша енгізілді. Оның аясында Глубокое ауданында екі жылда 6 нысан салынады. Бүгін ашылған амбулатория – үшінші медициналық мекеме. Мұндай жаңа әлеуметтік нысандар – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш, – деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Елена Старенкова.