Кеше Аягөздегі жер үйде өрт шығып, бір отбасы қара жамылды
Кеше Аягөз қаласындағы жер үйлердің бірінде өрт шығып, 4 бала көз жұмды
Балалардың үлкені 8 жаста, ал кішісі небары 2 жастан енді асқан екен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Отағасы бұл уақытта жұмыста болса, анасы базарға кеткен.
2023 жылғы 25 қазанда сағат 10.49-да ТЖБ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласының жеке үйлерінің бірінен түтін шығып жатқандығы туралы сигнал түсті. 6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы дереу сол жерге кетті, - деп хабарлады Аягөз ауданының әкімдігі. - Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бөлмелердің бірінде 20 ш.м. жиһаздар мен жеке заттары жанғаны анықталды. Өрт сағат 11.10-да оқшауланып, 11.24-ге толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда.
Оқиға орнынан төрт баланың денесі табылды. Өлімнің себебі анықталуда. Тиісті сараптама тағайындалып, полиция тергеу жүргізуде.
Қала әкімдігі отбасы мүшелеріне барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұл туралы "КТК" арнасының тілшісі Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі өз парақшасында жазба қалдырған болатын.
Бұл отбасын жақсы білетін аягөздік оқырмандарымның айтуынша, балалардың әкесі сантехник, анасы жұмыссыз. Аудандық басшылар "табысың көп" деп мемлекеттен алып отырған АӘК-ны кесіп тастапты. Қайран шеше 4 балаға нәпақа болсын деп сүт сатуға үйден шығып кеткен екен. Базарға жүгіріп барып келгенде құлыншақтарының орнын сипап қалды, - деп жазды журналист.