Аягөздік әскерилер үздік атануға үмітті
ҚР ҚК Бас штабының Жауынгерлік даярлық департаменті үздік әскери бөлімді анықтайды
Қарулы күштер қарамағындағы әскери бөлімдердің дене даярлығын ұйымдастырудан осы жылдың шілде мен қыркүйек айларында өткізіліп жатқан байқауға Аягөз гарнизонының артиллериялық бөлімінің жеке құрамы да қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қыркүйек айының соңында жеті аталым бойынша үздік бөлімшелер анықталады.
Спорттық әр түрлі жаттығулар орындайтын сайыста артиллеристер түрлі қашықтыққа жүгіру, гранатаны нысанға лақтыру, күштік жаттығулар, кедергілерден өту, жекпе-жек күрес тәсілдері бойынша бақ сынады. Әскери бөлімдерінің жеңіс тұғырынан көрінуіне барынша ат салысқан жеке құрам ауа райының қолайсыздығына да қарамастан барлық нормативтерді орындап шықты. Ұжымдық ұйымшылдықты сырттай қараған комиссия төрағасы полковник Алмаз Сағындықов жеке құрамға оң бағасын берді.
Бұл байқау жауынгерлік және басқа да міндеттерді мақсатқа сәйкес орындау үшін әскери қызметшілердің дене даярлығы деңгейін арттыруға бағытталған және жақсы нәтиже көрсеткен командалар мен әскери қызметшілер кубоктармен және вымпелдермен марапатталады, – деді ҚР ҚК Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің дене шынықтыру дайындығы басқармасының бағыт аға офицері майор Олжас Сердәлиев.
Жоспармен бекітілген спорттық нормативтерді жеке құрамнан қабылдағаннан кейін, Бас штаб мамандары әскери бөлімді аралап дене даярлығын ұйымдастыру сапасын, спорт кешендерінің, спорт қалашықтарының жай-күйін, құжаттамаларды тексеріп, қаламға түртті.