Ресейден табылған сарбаздың сүйегі туған жері - Алтайда жерленді
Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза таптқан қос азаматтың сүйегі Қазақстанға қайтарылды

Солардың бірі Алтай ауданының тумасы - Петр Оконечников, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Петр Оконечников 1924 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданының Кутиха ауылында дүниеге келген. 1943 жылдың 28 тамызында "Дуглас" Си-47 ұшағында жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде апатқа ұшырады. Табылған сүйектің жанынан ұшу карталары және №9248726 нөмірлі, қазақ тілінде толтырылған комсомол билеті анықталды.
8-ші авиация полкінің бортрадисі сержант Петр Капитонович Оконечниковтің сүйегі Ресей Географиялық қоғамы мен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің бірлескен Аляска – Сібір әуе трассасының нысандарын зерттеу экспедициясы барысында табылды.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының гарнизондық және қарауыл қызметі Жарғысының талаптарына сәйкес, сержант Петр Капитонович Оконечниковтің сүйегі Алтай қаласы маңындағы зиратта жерленді.