Ақжар ауылындағы туберкулезге қарсы диспансер жабылады
Оған соңғы жылдары облыс көлемінде туберкулезбен ауыратын науқастар санының азаюы себеп болған

Диспансердегі 60-қа жуық қызметкер жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдаулы, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар Мұқашұлымен бірге Ақжар ауылында орналасқан облыстық фтизиопульмонологиялық диспансердің жабылуына қатысты мәселені талқылады.
Кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы, облыстық жұмыспең қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшылығы, облыстық еңбек инспекциясы өкілдері және Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігері Елжан Манарбеков қатысты.
Диспансердің жабылу себебі – соңғы жылдары облыс көлемінде туберкулезбен ауыратын науқастар санының азаюы болып отыр. Яғни, алдағы уақытта Өскемен қаласында орналасқан облыстық фтизиопульмонологиялық диспансер де жабылып, барлық науқастар Семей қаласына ауыстырылатын болады, - делінген Тарбағатай аудандық әкімдігі ақпаратында. - Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес болашақта еліміздің барлық өңірлеріндегі өкпе ауруларына қарсы стационарлық емханалар қысқартылып, тек Астана мен Шымкент қалаларында ғана толықтай мамандандырылған екі ірі орталықты ғана қалдыру жоспарлануда.
Қазір Ақжар ауылындағы туберкулезге қарсы диспансерде 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Арасында 40 жылға жуық еңбек етіп, зейнет жасына таяп қалған қызметкерлер де бар.
Тарбағатай ауданындағы барлық медицина қызметкерлері жұмыспен қамтылып, аудандық аурухана құрамында ашылатын жаңа штаттар мен бөлімдерге орналастырылатын болады. Ғимарат аудандық аурухананың теңгеріміне беріліп, емхана және оңалту төсектері ретінде қайта бейімделетін болады, - деп мәлімдеді аудан әкімдігі. - Бұл шешім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қабылданған. Қазіргі таңда штат бірліктерін ұлғайту және бюджеттік қаржыландыруды арттыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.