Биыл "Асыл домбыра" Ринат Зайытовқа бұйырды
30-31 шілде күндері Абай облысының Ақсуат ауданында "Тұғыры биік Тарбағатай" өнер және спорт фестивалі өтті
Бұл фестиваль медресенің ашылуымен басталып, балалардың құран жарысымен жалғасты. Ақсуаттан шыққан Дулат Тастекей мен Баделхан Камалханұлы 2012 жылдан бері Ырғызбай Досханұлының рухына ас беруді әдетке айналдырған. Бұл шарада 140 шақырым аламан бәйге, қазақ күресінен әлемдік гран-при сайысы мен “Асыл домбыра” ақындар айтысының финалы өтт. Айтыстың бас жүлдесі – автокөлік. Қабанбай бабамыздың 330 жылдығына орай ғылыми-конференция ұйымдастырылады, өнер иелерінің қатысуымен арнайы концерт болады және фестиваль барысында көптеген ауқымды іс-шаралар өткізілді.
Ақындар айтысына еліміздегі от ауызды, орақ тілді 16 ақын қатысты.
Бұл жолғы айтыстың басты ерекшелігі - 16 ақын кіммен айтысатынын соңғы сәтке дейін білмеді. Екі ақынды көрермендер қоржыннан ақындардың аты жазылған екі шарды суырып алып жұптады, - дейді сөз сайысын ұйымдастырушы.
Кіл жүйрік ақындар арасынан биыл жерлесіміз Ринат Зайытов суырылып шығып, темір тұлпар мінді. Ол ріктеу кезеңінде Сұлужан Тауыпалдыны жеңсе, 1/8 финалда қазылардың бір артық дауысымен Біржан Байтуовтан басым түсті. 1/4 финалда Рауан Қайдаровтан айласын асырды, 1/2 финалда Нұрбол Жауынбаевты жеңді. Ал финалда Қанат Мырзаханды жеңіп, автокөлік тақымдады. Сондай-ақ, сайыстың басты тәжі “асыл домбыраны” иеленді.
Жалпы "Тұғыры биік Тарбағатай" өнер және спорт фестивалі аясында өткен шараларға қанша көрермен жиналды:
- Ырғызбай Досқанаұлының рухына арналған асқа - 900 адам;
- Қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік гран-при бәсекесіне - 9 мың адам;
- "ASSYL DOMBYRA 2022" ақындар айтысына - 11 мың адам;
- 140 шақырымдық бәйге, топ бәйге, аламан бәйге жарыстарына - 4 мың адам және 800-ге жуық автокөлік.
- Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертке - 5 мың адам қатысты.