Берілген баспананың кілтін қайтарып ала ма?
Тарбағатай ауданында «Бір қабатты шығыс» жобасы аясында баспаналы болғандар 22-шілдеге дейін үйлеріне қоныстанбаса, кілттерін қайтаруы керек
Жуықта Тарбағатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерсін Кәдірбекұлы жаңадан бой көтеріп келе жатқан Ә. Қабдешов көшесіндегі арендалық үйлерді аралап, тұрғындарымен кездесті.
«Бір қабатты шығыс» жобасы аясында салынған тұрғын үйлерде қолдарында пәтердің кілті бола тұра әлі қоныстанбаған 8 тұрғын бар. Осыған сәйкес, ағымдағы жылдыің 22-ші шілдесіне дейін тұрғындарға пәтерлерге қоныстануға уақыт берілді. Егер қоныстанбаған жағдайда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жұма күні аудандық тұрғын үй комиссиясы ұйымдастырылып, тұрғындардың пәтер кілттері қайтарылып алынатын болады, - деп атап өтті жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінде.
Егер үйлер қайтарылынып алынған жағдайда пәтер кілттері келесі тұрғын үй кезегінде тұрушыларға табыс етіледі.
Негізі біз барлық пәтер иелерімен сөйлестік. Олардың қоныстанбай жатқаны үйдің ішін немесе ауласын өздеріне ыңғайлы етіп салып, өзгертіп жатқандықтан екен. Оның үстіне барлық тұрғындары баспана үшін төлемді уақытылы төлеп отыр, - деп атап өтті Тарбағатай аудандық ТҮКШ бас маманы Алмас Төлеубекұлы.
Осы уақытқа дейін Тарбағатай ауданында «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы аясында 54 отбасы баспаналы болды. Биыл тағы 14 үйдің кілтін табыстау жоспарланып отыр.