ШҚО-да киноиндустрияны дамыту жолдары талқыланды
Өңірдің көркем табиғаты жылдың қай мезгілінде де кино түсіруге әбден лайық
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев француз-қазақ киносы бірлестігінің президенті, Өскемен қаласының тумасы Андрей Ивановпен кездесті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бірлестік Еуропа елдерінде қазақ фильмдерін аудару және насихаттаумен айналысады.
Кездесу барысында мәдениет пен туризмнің тұрақты даму мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар, өңірде креативті индустрияны дамыту орталығының жұмыс бағыттары талқыланды.
Мен кино өндірісін дамытуға және мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты орнатуға үлес қосқым келеді, - деді Андрей Иванов.
Өңір басшысы Шығыс Қазақстанның киноиндустриясын дамыту жөніндегі бірқатар ұсыныстарды қолдап, өңірдің көркем табиғаты жылдың қай мезгілінде де кино түсіруге лайық екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, биыл сәуір айында Өскеменде алғаш рет француз кинофестивалі өтіп, онда облыс тұрғындары мен қонақтарына орысша субтитрімен түрлі француз фильмдері көрсетілді. Сол шара арқылы көрермендерді француз тілі, мәдениеті, тұрмысы және киноларымен таныстырған.