ШҚО-да балабақшаға қабылдау қыркүйекке дейін жалғасады
Елімізде 11,5 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, балаларды қамту деңгейі 91,5%-ды құрайды
Қазір Астана, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Қостанай облыстарында қабылдау аяқталды. Өзге өңірлерде бұл жұмыс тамыз айының соңына дейін жалғасады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сүйеніп.
2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін ағымдағы жылдың соңына дейін 77 мыңнан астам жаңа орын ашу жоспарлануда.
- Мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау жыл бойы жүзеге асырылады. Астана, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Қостанай облыстарында балалардың мектепке баруына байланысты мектепке дейінгі ұйымдарда топтарды жасақтау аяқталды. Өзге өңірлерде бұл жұмыс тамыз айының соңына дейін жалғасады, - деп хабарлады министрлік. - Кезекке қою, құжат қабылдау және жолдама беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерді жергілікті атқарушы органдар электрондық үкіметтің веб-порталы немесе ақпараттандыру объектілері арқылы көрсетеді.
Мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін талап етілетін құжаттармен сілтеме арқылы таныса аласыздар.