Домбыра күніне орай әдеби көрме ұйымдастырылды
Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы 1-10 шілде аралығында қазақтың ұлттық аспабы - домбыраға арналған әдеби көрме ұйымдастыруда
Қазақстанда шілде айының бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы баршаңызды "Ұлттың үні – домбыра!" атты әдеби көрмесін тамашалауға шақырады. Көрме кітапхананың екінші қабатында орналасқан және 1 шілде мен10 шілде аралығында жұмыс істейді.
Бұл мереке ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және жаңғырту мақсатында 2018 жылы Президент Жарлығымен бекітілген. Домбыра – ежелгі көшпенділерден бүгінгі күнге жеткен музыкалық мәдениеттің символы.
Көрмеге қойылған кітаптар арқылы домбыраның түрлері, оның ежелгі атаулары т.б. жайлы мәлімет алуға болады. Сондай-ақ, домбыра жасаудың, оны безендірудің кезеңдері мен технологиясы, сондай-ақ осы аспапты жасаудың белгілі шеберлері туралы қолжетімді жазылған әдебиеттерді таба аласыздар. Ұлы ақындар мен олардың ізбасарлары туралы деректер, сонымен қатар ақындар мұрасы, өмірбаяндары, олардың қызықты сәттерімен танысуға да мүмкіндік бар. Домбыра тарту өнерін үйренгісі келетіндер үшін көрмеде оқу құралдары ұсынылған, - дейді кітапхана қызметкерлері.
Экспозициядан орын алған Ахмет Жұбанов, Александр Затаевич және басқа да көптеген зерттеушілер мен фольклор сақтаушылары жинаған түрлі өңірдегі күйлердің, мектептердің, дәстүрлердің ноталық жазбалары осы сала мамандары үшін таптырмас еңбек болары сөзсіз.