ШҚО драма театрының әртісі қойылым үстінде жарақат алды
Қойылым үстінде әртісті жедел жәрдем көлігі алып кетті
Оқыс оқиға орын алған күні қойылым театрдың террасасында болып жатқан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өткен сенбі күні театрдың террасасында "Ғашықтар хикаясы немесе общагадағы серілер" спектаклі сахналанып жатқан уақытта қазақ труппасының актрисасы Мақпал Елтайқызы балкон типтес декорацияға сүйеніп құлаған. Сонда да актриса көрермен отырған спектакльді тоқтатпай, өз рөлін ойнап шыққан. Бірақ соңын күтпей жедел жәрдеммен ауруханаға кетуге мәжбүр болған.
Зардап шеккен актриса террасада қойылым қоюға жағдай жасалмағанын айтады. Осыған дейін де бір актрисаның басына сахнаның штанкеті түскен.
Терраса спектакль ойнайтын жер емес. Спектакльді тек толық жағдай жасалса ғана қоюға болады. Көрермендер кіретін есікті ашты. Ал әртістер терезесінен кіріп-шығуға мәжбүр. Балконның жақтауы картон сияқты түртіп кетсең, құлап жатыр. Соны айтсақ, басшылық ақша жоғын алға тартады. Әртістердің шығып-түсетін, ұстайтын заттары, реквизиттер қатты бекітіліп тұруы керек. Өйткені біз билейтін сахналар болады, - деп назын білдірді актриса Мақпал Елтайқызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Актриса гастрөлдік сапарларға тым болмаса пойызбен емес, Газельмен баруға мәжбүр екендіктерін айтады.
Былтыр Моңғолияға гастрөлдік сапарға актерлерді ескі Газельмен апарып-алып келді. Неге жағдай жасамасқа? Басшылық тым болмаса, пойызға ақша қимайды, - дейді актриса.
Осы жағдайдан кейін мемлекеттік еңбек инспекциясы тергеу жүргізе бастаған.
Қазіргі уақытта алынған жарақаттардың ауырлығы анықталуда. Медициналық қорытынды бойынша театр тарапынан актрисаға денсаулығын қалпына келтіру бойынша көмек көрсетіледі, - деп хабарлады ШҚО драма театрының баспасөз қызметі. - Бұл оқиға туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына хабарланды. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады.