"Қонақжай отбасылардағы" балалар өз үйлеріне оралды
ШҚО-да "Қонақжай отбасы" жобасы аясында жазғы демалыста Катонқарағай, Глубокое аудандарына және Риддер қаласына барған балалар үйлеріне қайтты
Балалар демалып қана қоймай, тілдік ортаға еніп, білімдерін шыңдай түсті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың бастамасымен қолға алынған "Қонақжай отбасы" жазғы тіл мектебінің жобасы биыл өз мәресіне жетті. 15-30 маусым аралығында Катонқарағай, Глубокое аудандарында және Риддер қаласындағы қонақжай отбасыларға 120 бала барды.
Қонақжай отбасылар қазақ тілді балаларды орыс тіліне, орыс тілді балаларды қазақ тіліне баулыды. Оқушылар ойнап жүріп, еркін форматта тіл үйренді, сондай-ақ жергілікті жердің тарихымен, табиғатымен танысып, таным көкжиектерін кеңейтті.
Мәселен, Глубокое ауданына "Қонақжай отбасы" жобасы аясында Зайсан ауданынан 10 оқушы орыс тілін дамыту үшін барған. Ал керісінше Глубокое ауданының 19 оқушысы қазақ тілін тереңірек үйрену үшін Катонқарағай ауданына барып қайтты.
"Қонақжай отбасы" жобасы аясында Глубокое ауданына келген оқушылардың бос уақытын жоспарлап, олардың әр күнін қызықты өткізуіне Ы. Алтынсарин орта мектебінің ұжымы жауапкершілікті алды.
Бірінші күні жоба қатысушыларын күтіп алып, жайғастырып, оларды отбасылармен таныстырды. Екінші күні "Мықты, күшті, жылдам!" спорттық жарысы ұйымдастырылды. Қонақтар Глубокое ауданында тұратын құрдастарымен волейболдан жарыстарға қатысуға ниет білдіріп, өздерінің спорттық қабілеттерін көрсетті. Үшінші күні балалар мектептің коворкинг орталығында тренингке қатысып, түрлі ойындар ойнады. Сонымен қатар, оқушылар Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі шебер-сыныптарына қатысты. Оларға жекпе-жектен жаттығулар көрсетілді. Абай атындағы мәдениет үйінде экскурсия жасалып, балалар үшін сахнада театрландыру элементтері бар ойындар ұйымдастырылды.
Жобаны іске асыру жоспары бойынша, бірінші кезекте келген оқушылардың орыс тілін меңгеру деңгейін анықтау бойынша кіріспе диагностикасын жүргіздік. Өйткені жобаның мақсаттарының бірі тілдік ортаға ену тәсілімен тілді меңгеру, халықтың салт-дәстүрлерін зерделеу болып табылады. Балалар әр күндерін қызықты өткізіп, орыс тілінде еркін ойлап, сөйлеуі үшін бізде өткізетін екі апталарын жүйелі түрде жоспарладық, - деп атап өтті Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінің директоры Гульмира Абильмажинова.
Ойын-сауықтан бөлек, "Қонақжай отбасындағы" балалар демалып, кітап оқып, аудандағы киелі орындарға экскурсия ұйымдастырылды.