Өскеменде 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр
Өскемен қаласының 19-шағын ауданында 600 орындық мектеп салынуда
Білім ошағы "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасы аясында "Самұрық-Қазына құрылыс" АҚ тапсырысымен бой көтермек, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше жоба барысымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев танысқан болатын. Қазіргі уақытта нысанды қазу жұмыстары аяқталып, ғимараттың іргетасы қаланған, жертөле қабырғалары оқшауланып, бірінші қабаттың темір-бетон қабаты тұрғызылды.
Жайлы мектептерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен, кірме жолдармен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Бүгінде тиісті келісімшарттар жасалды, мектепке сыртқы инженерлік желілерді қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, - деді ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жобалау-сметалық бөлімінің басшысы Гүлмира Сәтбаева.
Қазір нысандағы кірме жолдар құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Екі ауысыммен 100-ге жуық адам құрылыс жұмысын жалғастыратын болады.