Риддерде бірегей аурухана кешені бой көтереді
Қазір қалада бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсететін емханасы және 200 орындық стационары бар көпбейінді аурухана кешені салынып жатыр
Қазір онда әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның шатыры салынып, терезелері орнатылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Сондай-ақ барлық коммуникациялық жұмыстар тиянақталды. Жоспар бойынша қыркүйек-қазан айларында емхана құрылысы аяқталуға тиіс.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жаңа ауруханаға мамандарды тарту үшін әлеуметтік тұрғыда жағдай жасау, соның ішінде баспанамен қамту мәселесін жолға қою керектігін атап өтті.
Бүгінде моноқалаға 10 дәрігер, 15 медбике қажет. Жаңа аурухана кешені заман талабына сай жабдықталып, келушілерге барлық жағдай жасалынбақ. Алдағы уақытта Риддер шаһары сапалы медициналық қызмет көрсетудің үлгісіне айналуды көздеп отыр.
Мамандардың айтуынша, аурухана жоғары сапалы медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ мұнда 500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Ал стационар құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.