Өскеменде биыл құрбан шалу орны өзгерді
16 маусымда күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады
ШҚО-дағы мешіттерде 16 маусым күні таңғы сағат 6.00-де айт намазы оқылады, деп хабарлайды, Устинка LIVE тілшісі.
Айт намазынан кейін 6.30-дан бастап шығысқазақстандықтар құрбан шала бастайды.
Арнайы 40 қасапшы дайындалды
Айт намазы оқылғаннан кейін құрбан шалынады. Өскемен қаласында биыл құрбан шалу үшін Атығай асуының маңы белгіленді. Одан басқа мешіт маңында мал сойып, сауда сатуға рұқсат жоқ.
Мал сою орнында ветеринарлық пост қойылады. Сол жерде мамандар союға әкелінген малды, оның құжатын, сойылған мал тұтас етін түгелдей тексерістен өткізеді.
Біздің мамандар үш күн бойы құрбан шалу орнында бақылау жүргізеді. Себебі мал сою орнында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы маңызды. Ауылдан келген малдардың «форма-1», яғни, ветеринариялық құжаты қатаң тексеріледі. Мал сою орындарын күн сайын дезинфекциялау жағы да қадағаланады, – дейді Өскемен қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Мерей Қанатұлы.
Мал сою орындарында ветеринар, санитарлар барлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалайтын болады.
Мереке қарсаңында халықтың тамақтан улану және ішек инфекцияларының алдын алу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауды ұсынамыз: құрбандыққа шалынатын малды арнайы орындарда ғана сою керек, сондай-ақ ветеринариялық құжаттарын тексеру; мал сою орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау (сумен жабдықтау, кәріз жүйелерінің болуы), мал сою барысында шыққан қалдықтарды уақтылы залалсыздандырып, шығару; мал соятын қызметкерлерде медициналық кітапшалардың болуы, жеке бас гигиенасын қатаң сақтау. Бұл талаптар үй жағдайында да сақталуы керек, - дейді Өскемен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Нұржан Қанапиянов.
ШҚО Халифа Алтай мешіті Құрбан айтқа орай 40 қасапшыны арнайы оқытқан, барлығының санитарлық кітапшалары бар.
Құрбан шалған уақытта айналаны ластамай, тазалық сақтау керек. Құрбандық сіздің ақыретіңіз үшін шалынатын мал болғандықтан оның еті ғана емес, терісі де, ішек-қарын, бас-сирағы да қасиетті. Сондықтан оны обалды қылмай, пайдалануға немесе мұқтаж жандарға үлестіріп беруг керек, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық "Халифа Алтай" мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.
Құрбан айт – ұлық мейрам
Ислам дінінде екі үлкен мейрам бар – Ораза айт және Құрбан айт. 16 маусымда Құрбан айт басталып, үш күн тойланады. 16 маусым күні таңғы сағат 06.00-де шығыстың барлық мешіттерінде айт намазы оқылады.
Құрбандық шалу дәстүрі – Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) сүннет болып қалған амал.
Құрбандықты айт намазы оқылғаннан кейін шала бастайды және үшінші күні кешкі ақшам намазына дейін жалғасады, - дейді "Халифа Алтай" мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин. - "Құрбан" сөзінің мағынасы – жақындау. Яғни, Алла мен пенденің арасындағы жақындық, шынайы ықылас. Алла Тағала Құранда "сендердің сойған малдарыңның не қаны, не еті Аллаға жетпейді. Бірақ сендердің ықыластарың, тақуалықтарың жетеді" дейді. Сондықтан пенденің Жаратушының әмір-бұйрығын қалай орындайтыны маңызды. Өйткені кейбіреулер біліп-білмей құрбан малға немқұрайлы қарап, ақсақ-тоқсақ, ауру мал шалуы да мүмкін. Ал құрбан шалудың өз үкімі, яғни шарттары, орындалу тәртібі бар. Осыған мұқият болу абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) малды соятын кезде пышақты көрсетпей, жақсылап қайрап алу керектігін айтады. Малды қинауға болмайды. Бауыздаған кезде міндетті түрде "Бисмилаһи, Аллаһу әкбар" деп барып бауыздау керек.
Айт күні ораза ұстамайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт күні ертемен үйінен тамақ ішпей шығып, айт намазына қатысып, одан кейін құрбан шалып, сол құрбан малдың етін асып, сорпасын ішкен. Өйткені айт мұсылман қауымы үшін ұлық мереке. Сол себепті мейрам ретінде кең көлемде атап өтуді, айтшылауды әдетке айналдырып, ұрпаққа үлгі етуіміз керек.
Құрбан мал алар кезде саудаласу мыңызды. Саудаласқан кезде екі ортада айтылған сөз сауап болып, тәспі тартқандай саналады. Мал иесі де осы уақытты пайдаланып қалмақ ниетпен бағаны шарықтатпай, халықтың әл-ауқатына қарай қойса – сауап.
Біз Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерден азық-түлік пен мал бағасын өсірмеуді сұрап отырмыз. Сондай-ақ тұрғындар да құрбан шалу тәртібін сақтап, ысырап қылмаса екен дейміз. Сойған малының ішек-қарынын, басын сол жерге тастап кетпеу керек, – дейді Халифа Алтай атындағы облыстық мешіттің өкілі Берік Кәдірұлы.
Жалпы, құрбандық шалу үшін мұсылман болу, жолаушы болмау, ақыл-есі дұрыс болу, балиғатқа толу және бақуатты (негізгі қажеттілігінен тыс 85 грамм алтынға тең ақша немесе осы құнға тең артық мүлікке ие болу) болу уәжіп.
Ал құрбандыққа қой-ешкі, сиыр және түйе шалуға болады. Қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт. Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар.
Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) "Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық" деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек.
Құрбандықты онлайн шалуға да болады
Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында Уақып және Зекет қайырымдылық қорларының ұйымдастыруымен Құрбан айтқа орай qurban2024.kz сайты жұмыс істеп тұр. Қой, сиыр, жылқы союға тапсырыс қабылдаймыз. Шығыс Қазақстанда түйе шалу мәселесі қиындық тудырады, өйткені өңірімізде түйе көп емес. Яғни, құрбан шалу орнына бармай-ақ, малды онлайн таңдап, сойдырып алуға болады. Сондай-ақ осы сайт арқылы мұқтаж отбасылар да тиісті құжаттарын қос тіркей отырып, құрбан малынан үлес алуға өтініш қалдыра алады. Егер келіп алып кетуге жағдайы келмейтін отбасылар болса, еріктілер үйіне дейін жеткізіп береді, - дейді Уақып және Зекет қайырымдылық қорларының ШҚО бойынша өкілі Берік Қадірұлы. - Облыстық мешіт жанында және құрбан шалатын жер – Атығай асуында арнайы құрбан еттерін сақтап, таратуға арналған орын дайындалды.
Әдеттегідей Құрбан айт мейрамы қарсаңында бірқатар қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады. Ұлттық спорт ойындары өтіп, балаларға базарлық таратылады. Сондай-ақ "Халифа Алтай" атындағы облыстық мешіттің өкілдері қарттар үйі мен балалар үйіне де құрбан еттен үлестірмек.