ШҚО-да екі күнге созылатын ауқымды оқу-жаттығу басталды
"Жер-2024" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов басшылығымен өткізілуде
Оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында орналасқан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ТЖД ақпаратына сүйеніп.
Ауқымды оқу-жаттығуға облыс әкімі Ермек Көшербаев, сонымен қатар министрлік пен ведомство базасында құрылған барлық республикалық азаматтық қорғау қызметтері, жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар, азаматтық қорғау қызметі және ТЖМ бөлімшелері қатысуда, - деп хабарлайды ШҚО ТЖД.
Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің функционалдық міндеттерді орындау жөніндегі іс-қимыл жоспарлары нақтыланды. Жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жұмыстардың тәртібі мен көлемі айқындалып, төтенше жағдай енгізу туралы құжаттар дайындалды. Жойқын жер сілкінісі болған жағдайда ТЖ орнына еліміздің басқа өңірлерінен күштер мен құралдар жіберу тәртібі пысықталды.
Жаттығудың бірінші күні жер сілкінісі қаупі туындаған кездегі бірінші кезекте жүргізілетін шаралар пысықталады. Құтқару қызметтерінің бірлескен іс-қимылдарын пысықтау және үйлестіру үшін республикалық далалық штаб орнатылды.
Оқу-жаттығу екі күнге созылады.