Өскеменде 400-ден астам сарбаз ант берді
Облыс орталығына еліміздің 14 облысынан 400-ден астам сарбаз келді
Өскемен гарнизонының №27943 әскери бөлімінде әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қарулы Күштер қатарындағы әрбір сарбаз Отанын қорғауға және халқына қызмет етуге міндетті.
Әскери борышты өтеу - бұл әрбір азаматтың құрметті міндеті. Қазақстанда Қарулы Күштер Ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Ант қабылдау - бұл әр сарбаздың өз елін қорғауға, кез келген жағдайда оған адал болуға дайындығын білдіретін әрекет, - деді №27943 әскери бөлім командирі полковник Азамат Абикенов.
Ант қабылау рәсіміне дейін сарбаздар алғашқы әскери дайындық курсынан өтті. Яғни, қарумен жұмыс істеудің, тактикалық дайындықтың негізгі дағдыларын игерді, сондай-ақ Қарулы Күштердің жарғысымен танысты. Тәжірибелі офицерлер мен сержанттар тәлімгер рөлін атқара отырып, жас жауынгерлерге жаңа өмірге бейімделуге көмектесіп, оларға тәртіп пен командалық жұмысты үйретті.
Осы уақытқа дейін біз әскери өмірмен, өзімізге жүктелген міндеттермен таныстық. Осы бір жыл көлемінде Отанымды абыроймен қорғап, өзіміздің әскери саладағы біліміміз бен біліктілігімізді шыңдай түсеміз деген ойдамын, - деді қатардағы жауынгер Арипбаев Бекзат.
Ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Іс-шараға жоғары лауазымды офицерлер, жергілікті билік өкілдері, сондай-ақ әскерге қабылданған сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты. Барлығы жас сарбаздарды қолпаштап, ізгі тіліктерін білдірді.