Алтайлықтар Өскеменге әскери жиынға келді
Өскемен гарнизонының №27943 әскери бөлімінің полигоны аумағында әскери жиын өтіп жатыр
Бұл жиынға Алтай ауданының әскери міндеттілері шақырылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
ШҚО әкімінің шешімімен жауынгерлік даярлық жоспары негізі бойынша Алтай ауданың әскери міндеттілері үшін оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Бұл әскери шара 10 күнге жоспарланған, - деді ШҚО аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Мейрам Сейлгазинов.
Әскери жиынға Алтай ауданынан барлығы 70-ке жуық азамат шақыртылды. Олар бұған дейін Отан алдындағы борышын өтеген азаматтар.
Бізді осы 10 күн ішінде мерзімді әскери қызметте оқып-үйренгенімізді қайталап есімізге түсіретін боламыз. Жиынға келген күні палаткаға орналастырды, барлық жағдай жасалған және үш уақыт тамақпен, киім-кешек, барлық керек-жарақпен қамтамсыз етті, - деді әскери міндетті Дархан Заманбеков.
Әскери қайта даярлау жиыны бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен әскери міндеттілер жекелей және жалпы құраммен атыс, "қорғаныс және шабуыл" негіздерін пысықтайды. Шабуыл кезінде жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету, жара орнын таңу, ұрыс алаңынан жарақат алған азаматтарды алып шығу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар, арнайы тактикалық оқу-жаттығуын орындайтын болады. Әскери міндеттілер өздеріне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындап, жоғарғы әскери дайындықтарын көрсетуге тырысты.
Жиын қорытындысы бойынша сынақтар өткізіліп, оның нәтижесі негізінде бағдарламаны сәтті меңгерген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар беріледі.