ШҚО-да үй өртеніп, екі адам күйіп қалды
Бүгін таңертең облыста өрт қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан екі оқыс оқиға орын алды
Алтай ауданында жер үйде, Өскеменде шаурма дайындайтын пәтерде өрт шыққан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Алтай ауданы Тұрғысын ауылында 2 қожайынға арналған барақ типті жер үйде өрт шықты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін 1981 және 1980 жылғы екі тұрғын өртті өздері сөндірмек болып термиялық күйік алған. Оларға жедел жәрдем дәрігерлері көмек көрсетті, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт сөндірушілер 90 шаршы метр аумақты шарпыған жалынды толығымен сөндірді.
Сонымен қатар, облыс орталығындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы шаурма дайындайтын пәтерде де өрт шықты.
Ас үйінде кондиционердің пластикалық бөлшектері, қуырғыш техника жанып кетті. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер 5 шаршы метр аумақтағы өртті жойып, одан әрі таралуына жол бермеді, - деп хабарлады құтқарушылар.
Екі жағдайда да электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болған. Құтқарушылар азаматтарға электр желісін шамадан тыс жүктемеуді ескертеді.