Отан отбасынан басталады: облыстың үздік отбасылары анықталды
Халықаралық Отбасы күніне орай "Қазақстан отбасы-2024" байқауының жеңімпаздары марапатталды
Облыстың әр ауданынан байқауға қатысуға қырықтан астам отбасы өтініш білдірген. Солардың арасынан өзгеге өнеге болар жеті үздік отбасы таңдалды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау, қазіргі жас отбасылардың мәртебесін көтеру, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа әлеуметтік-белсенді, тұрақты-өнегелі, сапалы тәрбие беруге жағдай жасау, отбасылық салт-дәстүрлерді сақтап қалу мақсатында "Тәуелсіз зерттеу орталығы" қоғамдық бірлестігі Шығыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша комиссиясының қолдауымен "Қазақстан отбасы - 2024" байқауын өткізді. Айта кеткен жөн, байқау 2011 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді.
"Қазақстан отбасы" байқауы 13-ші жыл өткізіліп отыр. Мен бұл байқаудың авторымын. 1 наурыз бен 15 сәуір аралығында байқауға өтініштер қабылданды. Әр өңірден барлығы 40-тан астам отбасы өтініш білдірді. Байқаудың 2-кезеңіне соның 25-і өтті, ал бүгін 7 номинация бойынша үздік 7 отбасы үздік деп танылды. Бұл отбасыларды арнайы құрылған комиссия анықтады. Байқау демеушілері жеңімпаз отбасыларға естелік сыйлықтар табыстады, - дейді "Тәуелсіз зерттеу орталығы" ҚБ басшысы Жанар Қабидуллақызы.
7 номинация бойынша байқау жеңімпаздары:
1. "Гауһар той иелері" – 60 жыл отасқан Дарменбаевтар отбасы (Риддер қаласынан)
2. "Алтын той иелері" – 50 жыл отасқан Кусаиновтар отбасы (Самар ауданынан)
3. "Күміс той иелері" – 25 жыл отасқан Искаковтар отбасы (Тарбағатай ауданынан)
4. "Заманымыздың қаhарманын тәрбиелеген отбасы" - Грунскийлар отбасы (Өскемен қаласынан)
5. "Мейірімді жүрек" - Абдешевтар отбасы (Күршім ауданынан)
6. "Еңбеккерлер династиясы" - Казиевтар отбасы (Глубокое ауданынан)
7. "Ең жас көпбалалы отбасы" - Ахыметбек Сайланбек пен Гүлжайнар Әбілғазықызы (Зайсан ауданынан)
Байқау шарты бойынша «Ең жас көпбалалы отбасы» аталымы бойынша 35 жасқа дейінгі отбасылар қатыса алады. Биыл бұл номинация 6 ұл-қызды дүниеге алып келген 32 жастағы зайсандық Ахыметбек Сайланбек пен Гүлжайнар Әбілғазықызына бұйырды. Ал балалар үйінен 3 бала асырап алып, өзінің 4 баласымен қатар бауырына басқан Күршім ауданының тұрғындары Абдешевтар отбасы "Мейірімді жүректі отбасына" әбден лайық.
"Еңбеккерлер династиясы" - Казиевтар отбасының үш ұрпағы "Қазақстан теміржолында" еңбек етіп келеді. Жалпы еңбек өтілі – 640 жыл.
Ал биыл қыстың қарлы боранында 100-ден астам адамды құтқаруға үлес қосқан ұшқыш Денис Грунский мен оның ата-анасы "Заманымыздың қаhарманын тәрбиелеген отбасы" номинациясына лайық деп танылған.
2024 жылдың ақпанындағы ақтүтек боранда республикалық маңызы бар тас жолдардың бірінде 100-ден астам автокөлік қар құрсауында қалды. Олардың арасында әйелдер мен балалар, қариялар да бар. Барлығын қауіпсіз жерге жеткізу қажет еді. Авиациялық бөлімшенің директоры экипажға орын алған жағдайды түсіндіріп, құтқару операциясының қаупін де еске салды. ШҚО Авиациялық бөлімше экипажында ұшқыш-инструкторы болған Денис Грунский еш ойланбастан адамдарды құтқаруға аттанған.
Бірнеше рейспен адамдардың көбін жақын маңдағы елді мекенге дейін жеткіздік. Қалғандарын шығаруға әскери ұшақ көмектесті. Бұндай тосын жағдайлар жиі орын алады. Бұл – менің жұмысым, сондықтан өзімді қаһарман деп санамаймын, - дейді Денис Грунский.