ШҚО жылыту маусымында жер үйлерде 137 өрт шыққан
Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрттер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 пайызға артқан
Бұл жағдайда 23 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ТЖД ақпаратына сүйеніп.
Өрттердің айтарлықтай үлесі жер үйлерде орын алады – 137 өрт немесе тұрғын үй секторындағы өрттердің жалпы санының 44%-ын құрады.
Мамандардың ақпаратын сүйенсек, өрттердің негізгі себептері: мас күйінде төсекте темекі шегу, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, балалардың отпен ойнауы.
Құтқарушылар әлеуметтік жағынан осал отбасылар тұратын 3574 пешпен жылытылатын үйлерді ерекше бақылауға алған. Бұл үйлерде төтенше жағдайлар қызметкерлері көмірқышқыл газын анықтау құрылғыларын орнатқан. 2023-2024 жылдардың жылу беру кезеңінде бұл құрылғының тек бір рет дабыл қағу жағдайы тіркелген: Катонқарағай ауданы, Жұлдыз ауылында. Нәтижесінде 6 адам, оның ішінде 5 бала аман қалды.
Облыста өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан көмірқышқыл газынан улану салдарынан 4 адам қаза тауып, 34 адам зардап шекті.