Өскемен гарнизоны жас сарбаздармен толықты
Өскемен гарнизонының №27943 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге дайын жас сарбаздар келді
Қарулы күштердің қатарына қосылу – қатардағы жауынгерлердің бірі ғана болып қоймай, өз еліне қызмет етуге жетелейтін адалдық пен алып рухтың иесі атану деген сөз. Әскер қатарына алынған сарбаздар Отанымызды қорғау және халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігін өз мойнына алуға дайын жандар.
Әскери қызмет – бұл физикалық төзімділіктің сынағы ғана емес, сонымен қатар көшбасшылық қасиеттерді дамытатын, ынтымақтастықты нығайтатын және ортақ мақсатқа жетелейтін мүмкіндік. Ағашқы ай жаңа сарбаздар үшін бейімделу кезеңі болмақ. Яғни, олар жарғыларды оқып, сапқа тұрудың негіздерін үйренеді. Бір сөзбен айтқанда әскери өмірге дайындалады, – деді жас сарбаздар жиынының штаб бастығы подполковник Әлібек Шағаев.
Өскемен гарнизонының №27943 әскери бөліміне еліміздің 11 аймағынан шамамен 400 азамат келді.
№27943 әскери бөліміне қосылып, өз еліме қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе. Мен өз Отанымды қорғаушылар қатарына қосылғаныма мақтанамын. Халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшімді беруге дайынмын, – деді жас сарбаз Марлен Алтынов.
Сарбаздардың рухты сөздері мен сенімді дайындықтары – жауапкершілігі мол қызметтің басталғанының нышаны. Жаңа келген сарбаздар алдағы уақытта армия өмірінің қыр-сырын меңгеріп, гарнизонның жауынгерлік қабілеті мен жауынгерлік рухын нығайтатыны сөзсіз.