Абайсызда пайдаланылған шприцпен жарақаттанғанда не істеу керек?
Осы айда ШҚО ЖИТС орталығына абайсызда шприцпен жарақаттанған 6 адам жүгінген
Әсіресе күн жылынып, сенбіліктер басталғалы бұндай жағдайлар жиілеген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Былтыр ШҚО ЖИТС орталығында пайдаланылған шприцпен жарақаттанудың тек бір жағдайы тіркелген. Полиция қызметкері инъекциялық есірткі қабылдаған адамды ұстау кезінде шприцпен сызат алған.
Осындай жағдай орын алса, дереу қолды ағынды сумен сабындап жуу керек, - дейді ШҚО ЖИТС-тің алдын алу және күрес жөніндегі орталығының дәрігер эпидемиологы Сәуле Кеңиспекова. - Егер ағынды су жоқ болса, бір рет қолданылатын қағаз сүлгілерді немесе антисептикалық майлықтарды пайдалануға болады. Дереу жедел жәрдем бөлмесіне бару керек. Онда жараны таңып, сіреспеге қарсы инъекциясы жасалады. Содан кейін дереу ЖИТС орталығына бару керек, онда барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Мұндай жағдайда шұғыл түрде Өскемен қаласындағы Буров көшесі, 21/1 мекенжайындағы аурухананың №16 кабинетіне (Достық кабинеті) жүгіну керек. Орталық жұмыс күндері сағат 8.00-ден 15.40-қа дейін (түскі асқа үзіліс 12.00-ден 12.30-ға дейін) жұмыс істейді. Демалыс күндері: сенбі және жексенбі. Байланыс телефондары: 24-96-31 (емдеу-алдын алу бөліміне қосылу), 26-32-17.
Пайдаланылған шприцпен жарақаттанған адам экспресс-тестілеуден өтеді, содан кейін ИФТ немесе ИХЛА әдісі растайды, - дейді Достық кабинетінің дәрігері Динара Мукушева . – Содан кейін алты айдан соң өз бетінше тексерілуге келуге болады. Алдын алу мақсатында ЖИТС орталығынң дәрігері қатынастан кейінгі профилактиканы тағайындайды. Мұндай жағдайларда АИТВ-ны жұқтыру қаупі аз, бірақ егер адам талап етсе, бәрібір қатынастан кейінгі профилактиканы тағайындаймыз. Бұл препараттарды (ретровирусқа қарсы терапия) оқиғадан кейін 72 сағат ішінде қабылдау керек. Біз екі препаратты береміз, олар бір уақытта 28 күн бойы күніне бір таблеткадан қабылданады.
Егер шприцте есірткі заты болса, оны есірткіні инъекцияға енгізетін адам қолданған болуы мүмкін. Дегенмен, бұл жағдайда да АИТВ жұқтыру ықтималдығы аз екенін атап өткен жөн.
Вирус сыртқы ортада тұрақты емес. Ол температураның әсерінен өледі, - деп атап өтті Сәуле Кениспекова. - Сондықтан мұндай жағдайларда вирус жұқтыру қаупі өте аз. Ең бастысы - үрейленбеу және барлық ұсыныстарды орындау.