Өскемендік кәсіпкерлер тазалық акциясына атсалысып жатыр
Бүгін Өскемен қаласындағы Арбаттың бойында орналасқан дәмханалар мен сауда дүкендерінің иелері сенбілікке шықты
Экологиялық акцияның "Киелі мекен" апталығы аясында кәсіпкерлер бизнес нысандарының айналасын қоқыс-қалдықтан тазартып, терезелерін жуып-шайып жүр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Таза Қазақстан" акциясы аясында Өскемен қаласының кәсіпкерлері өз бизнес нысандарының айналасында тазалық жүргізіп жатыр. Арбатта 15 шақты кіші және орта бизнес өкілдері бар. Олар бүгін дәмхана, сауда дүкендерінің қасбетін ретке келтіріп, кіре беріс және терезелерін жуып-шайып, тазартуда. Жалпы қала бойынша 3 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Олар экоакцияға белсенді атсалысуда. Тек өз бизнес нысандарының аумағын емес, жалпы қала бойынша тазалық жүргізуге ниет білдіруде, - деп атап өтті Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гасан Тұрғанбаев.
Бөлім басшысының айтуынша, тазалық жұмыстарын жүргізуге ниет білдірген кәсіпкерлер қоқыс шығару үшін техника жалдап шығынданбауы үшін "Таза Өскемен" коммуналдық мекемесі өз техникасын ұсынады. Ал экоакцияға қатысқысы келетін еріктілер қолғап, мөшектермен қамтамасыз етіледі.
Әр жұма сайын өз кофеханамыздың айналасын тазартып, ауланы сыпырып тұрамыз, - дейді кәсіпкер Жалғас Мадиев. - "Таза Қазақстан" акциясын қолдап, пайдаланылған пластикалық ыдыстарды жинап, әр жұма сайын қайтадан өңдеу үшін қабылдау орындарына тапсырамыз.
"Таза Өскемен" коммуналдық мекемесінің қызметкерлері Арбатты сыпырып, орындықтар мен күркелерді жуып, әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізуде.
Осы орайда айта кетейік, Пушкин атындағы кітапхана мен қаланың мәдениет саласының өкілдері Жамбыл атындағы қалалық саябақтың ішін тазартты.
Мемлекет басшысы жариялаған экоакцияға қаланың мәдениет саласының жүз шақты қызметкері де үлес қосып, саябақтың ішін шөп-шалаң, жапырақтардан тазартып жатырмыз, - дейді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай.