Өскемендегі "Бәйтерек" монуметін алып тастау жұмыстары басталды
Айналма жолдағы монументті алып тастамаса, мыңдаған тұрғын сусыз, жылусыз қалуы мүмкін
Бұл туралы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Байтеректің" қойылғанына 10 жылдан астам уақыт өтті, монумент жылдан-жылға шөгіп барады, - дейді Жақсылық Мұқашұлы. - Сақина көліктердің қозғалысын ғана реттеп тұрған жоқ, бұл жерде көптеген бір-бірімен қиылысқан құбырлар жатыр. "Байтеректің" астымен мыңдаған халықты сумен қамтамасыз ететін су және кәріз құбырлары өтіп жатыр. Монумент жер астына шөккен сайын осы құбырларға зақым келуі мүмкін. Мамандар дабыл қағып отыр. Сонымен қатар, осы сақинаның ішінде 2 жылу камерасы тұр, екі үлкен құбыр өтеді. Бұл тұрғындарды ыстық сумен, жылумен қамтамасыз етеді. Бұл құбырларға зақым келсе, 29 мың абонент, яғни 70 мың адам жылусыз, ыстық сусыз қалуы мүмкін. Біз "Бәйтерек" монуметін орнынан аламыз.
Қазіргі таңда мамандардың ұсынысы бойынша монументті алып тастау бойынша жоспар жасалған. Осы жұмыс бойынша облыс әкім керекті нұсқау беріп, мамандармен келісілген.
Ал монументтің орнына не қойылатыны әзірге белгісіз.
Сәулетшілер бірнеше ұсыныстар білдірді. Әлі келісім үстінде. Бірінші кезекті "Бәйтеректің" өзін алып, астындағы құбырларға зақым тимеуін қамтамасыз етуіміз керек. Ал монументтің өзін мұқият алып, этносаябақтың ішіне көшіреміз. Енді ол эносаябақтың ішінде тұрады, - деді шаһар басшысы.