ШҚО-да мектеп оқушылары тыйым салынған сайттарға кірген
Өңірдегі 56 білім ордасының оқушылары тыйым салынған сайттарға емін-еркін кірген
ШҚО прокуратурасы жүргізген тексерулер нәтижесінде 15 мың бала тыйым салынған сайттарды оқу орнында пайдаланған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мәселен, Өскеменнің 7 мектебінде сабақ барысында порнографиялық сипаттағы сюжеттер қаралған. Ал Шемонаиха ауданындағы 8 мектепте балалар букмекерлік кеңселердің сайттарына кірген.
Балалардың интернетке қолжетімділігін шектейтін бағдарламаның жоқтығы салдарынан осындай фактілер Риддер қаласында (15 мектеп), Алтай (6 мектеп), Самар (19 мектеп), Ұлан аудандарында (1 мектеп) тіркелді.
Заңбұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы барлық мектепке тиісті бағдарламаларды орнату және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде мәселе көтерді. Қадағалау актісі облыстың білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне жіберілді, – деп хабарлайды ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.