Бүгін Өскемен қалалық №4 аурухана терезесінен науқастардың бірі секіріп кетті
Сол сәтте жанында тұрған медбике оны құтқара алмады
Алған жарақатынан науқас қаза тапты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Оқыс оқиға бүгін таңертең орын алды. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдегендей, психомоторлы қозу күйінде болған науқас 6-қабаттағы өз палатасының терезесінен секіріп кеткен.
1967 жылғы науқас тыныс алу жолдарының ауруы бар науқастарға арналған реанимация бөліміне түскен. Ем-дом протокол бойынша жүргізілген.
Емдеу мекемесінің басшылығы жүргізген қызметтік тергеу барысында медицина қызметкерлерінің жұмысында бұзушылықтар анықталған жоқ, - деп мәлімеді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы. - Қазір пациенттермен және медициналық қызметкерлермен психолог жұмыс істеуде. Оқиғаның барлық мән-жайларын анықтаумен құқық қорғау органдары айналысуда.
Осы орайда ШҚО ПД Серікбаев көшесіндегі №4 қалалық аурухана маңынан ер адамның мәйіті табылғанын растады.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, мән-жайлары анықталуда. Іс басшылық бақылауында, - деп мәлімдеді ШҚО ПД.