Бүгін Өскемендегі 300-ге жуық ауланың тұрғындары сенбілікке шықты
Елімізде "Таза Қазақстан" республикалық акциясы басталған болатын
Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Таза өлке". Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалады.
"Киелі мекен". Екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.
"Жасыл аймақ". Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.
"Өнегелі ұрпақ". Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.
"Мөлдір бұлақ". Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.
Бүгін қала бойынша 300-ге жуық ауланың тұрғындары шығып, өз үйлерінің маңайын қоқыстан тазартуда, - дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. - Одан өзге, қаладағы ірі мекемелер, ұйымдар, өндіріс орындарының қызметкерлері мен оқу орындарынының студенттері күннің салқындығына қарамастан жұмысқа білек сыбана кіріскен. Бұл бір реттік акция емес, жұмыстар жыл бойы жалғаспақ. Өскемен қаласының тұрғындары сүйікті қаламыздың тазалығына бейжай қарамай, сенбіліктерге белсенді атсалысады деп сенеміз.
Қаладағы аймақтық басқару орталықтары сенбілік жұмыстарын үйлестіріп, қай аулаларда тазалық жұмыстары жүріп жатқанын, қай орындардан жиналған қоқысты шығару қажеттігін "Таза Өскемен" мекемесіне хабарлайды, мекеме барлық жиналған қоқысты қала сыртына шығарады.
Әркім жауапкершілікті сезінуі керек, - деп атап өтті шаһар басшысы. - "Таза Өскемен" мекемесі қаланың көшелерін, даңғылдар мен тротурарларды тазартуға міндетті. Ал дүкендер мен сауда үйлерінің иелері өз аймақтарын өздері тазартуы керек. Сондай-ақ, қала тұрғындары да өздері тұрып жатқан үйдің ауласын өздері тазартуы керек. Қалада барлығы 956 аула, 1800 көпқабатты үй бар. "Таза Өскемен" мекемесінің барлығын бірдей қамтуға шамасы жетпесі анық. Сол себепті де бұл жерде ПИК, МИБ өз күшімен техника жалдап, сенбіліктен жиналған қоқысты шығаруы керек.
Қаланы қоқыс-қалдықтардан тазарту жұмыстары екі-үш аптадан соң тал егу, көшеттер отырғызу жұмыстарымен жалғаспақ.