Самар ауданында балалар арасында жүзуден жарыс өтті
Самар ауданында Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен 2011-2019 жылы туған балалар арасында тұңғыш рет жүзуден жарыс өтті
Аудан деңгейінде өткен жарысқа 50-ге тарта жасөспірім қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE сайтының тілшісі.
Тартысты өткен бәсекеде жас спортшыларымыз бар өнерін салды. Спорт мектебінің директоры Жандос Серікұлының айтуынша, балалар осыған дейін де аудандық, облыстық жарстардан жүлделі оралып жүр.
Балалардың дайындалғанына бір жыл ғана болды. Соның өзінде облыста өткен жарыстардан жүлделі оралып жүрді. Ерекше бір айта кететіні, жүзуден үйрететін жаттықтырушыларымыз - өте тәжірибелі, білікті мамандар. Алдағы уақытта республикалық деңгейдегі жарыстарға спортшыларымызды дайындап жатырмыз, - дейді Жандос Серікұлы.
Жарыс басталмас бұрын қатысушыларға тәттілер таратылып, бапкерлері сәттілік тіледі. Жас спортшылар үш түрлі әдіспен жүзді: біріншісі - еркін жүзу, екіншісі - брасс, үшіншісі - шалқалап жүзу.
Біздегі бассейннің 4 жолағы бар, ұзындығы 25 метр. Алғашқы санаттағы екі топ үш түрлі әдіспен 50 метр қашықтықта жүзді. Олар: 2011-2014 жылы туғандар арасындағы қатысушылар. Ал екінші санат - 2015 және одан кіші, олар 25 метрге жүзді. Балалардың көрсеткіш нәтижелері өте жақсы, - дейді жаттықтырушы Гүлнар Мұхтаржанқызы.
Балалар судағы балықтай бассейнде еркін жүзді. Жарыс соңында жеңімпаздар медальмен марапатталды.
Осылайша, Самар ауданының спортшылары спорттың барлық түрі бойынша ілгерілеп келеді.