Қазақ даласында балалардікінен бөлек, ересектерге арналған әліппе болғанын білесіз бе?
О. Бөкей атындағы қалалық кітапханасы республика бойынша алғашқы болып балалар кітаптары мен газет-журналдарына арналған кітап мұражайын ұсынды
О. Бөкей атындағы кітапхананың балалар бөлімінде өткен әдеби-тарихи танымдық шараға облыстың 25 аудан, ауылынан қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері жиналып, тың ақпараттармен танысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Кітапхана мамандары қазақ жазушылары мен ғалымдарының 19-20-шы ғасырларда жазған оқулықтары мен кітаптарын және олар туралы тың деректерді тауып, саралап, заманауи технология арқылы әдебиеттердің электрондық нұсқаларын оқырман қауымға ұсынды. Жинақтаған бұл құнды қорды кітапхананың https://bokeylibrary.kz/ сайты шалғайдағы ауыл мектептері мен кітапханалары да оқып, пайдалануларына болады.
Осылайша өткен ғасырлардағы оқу-ағарту саласы қайраткерлерінің кейінгі кезде беймәлім болып, ұмытылып бара жатқан құнды еңбектері қайта жаңғырды.
О. Бөкей атындағы қалалық кітапханада "Балалар кітаптарының тарихы – интерактивте" жобасы қолға алынды, - дейді кітапхана қызметкері Таңнұр Бошай. - Әліппе десе, көбі алғашқы әліпбиді Ахмет Байтұрсынұлы жазғанын ғана біледі. Қазақ басылымдары десе, алғаш жарық көрген "Дала уәлаяты" мен "Түркістан уәлаятын" біледі. Ал басқа да алаш зиялыларының, тіпті біз біле бермейтін тұлғалардың әліппе жазып, қазақ балаларының сауатын ашып, дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосқанын біле бермейміз. Бұл жобаның мақсаты – сол тұлғаларды, олардың еңбегін қазақ балаларына таныстыру. Яғни, біздің ұлы тұлғаларымыздың қиын-қыстау кезде де, жоқшылықта да, қуғын-сүргін заманында да қазақ балаларының дамуына атсалысқанын көрсету, дәлелдеу.
Жоба негізгі үш бөлімді қамтиды. Біріншісі – қазақ балаларына арнап алғаш мектеп ашып, қазақ баласының сауат ашуына ерекеше үлес қосқан Ыбырай Алтынсаринге арналған. Екінші бөлім – "Әліппелер". Бұнда Ахмет Байтұрсынұлының әліппесінен бастап, басқа да ғалымдардың әліппелері таныстырылады. Бірі білсе, бірі білмес – Мағжан Жұмабаев та әліппе жазған. Қазақ даласында ересектерге де арналған әліппе болған екен. Үшінші бөлім – "Мерзімді басылымдар". Бұл бөлімде тарихта қалған алғашқы балалар газет-журналдары, сонымен қатар бүгінгі мерзімді басылымдар да қамтылған.
Білім саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрсем де, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтан басқа ғалымдардың да жазған әліппесі бар екенін енді біліп отырмын, - дейді Глубокое ауданындағы №1 Белоусовка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ардақ Тауданбекова. - Қазіргі оқулық жазып, балалар кітабын шығарып жүрген мамандарға бірінші осындай курс өткізу қажет сияқты. Әліппені алғаш жазған ғалымдардың әдістемесін негізге ала отырып, баланың ақылына қонымды, санасына сіңімді заманауи құралдар шығаруға үлкен көмек көрсетеді деп ойлаймын.