ШҚО сарбаздары әскери борыштарын Жетісу жерінде өтейді
Көктемгі әскерге шақырту науқаны аясында Шығыс Қазақстан облысынан 35 азамат Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің қатарына шақыртылды
Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанған сарбаздар 37-десанттық шабуылдаушы бригадасына жол тартты, деп хабарлайды Устинка LIVЕ сайтының тілшісі.
Отанды қорғау әрбір саналы азаматтың парызы. Кәмелеттік жасқа толған ер азаматтар ҚР Қарулы Күштерінің қатарында болып, өз еліне қызмет етуі міндетті. Сонымен қатар, бұл жас жігіттердің бойында паторитизмді, Отансүйгіштікті, қайсарлық пен ержүректілікті қалыптастыруға көмектесетін үлкен мектеп.
Бұл жолы әскерге шақырту алған біздің шығысқазақстандық ер азаматтар Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің қатарында өз әскери борыштарын өтемек. Десант болу да оңай емес. Оған тек бойы 175 см-ден кем болмайтын аяқ қолы балғадай, мығым жігіттер таңдалады. Өйткені, жүктелетін міндеттің жүгі де ауыр. Олар, елде және сырт жерлерде де бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттерін орындауға қатыса алады, - деп атап өтті ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Денис Садыхов.
Десанттық-шабуылдау әскерлері – бұл жедел бірлестік, Қарулы күштердің құрамалары мен бөлімдерінен тұратын, Қарулы күштер сабындағы стратегиялық элемент. Десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің қатарында сарбаздар өз бойыларындағы жауапкершілік, өжеттілік, батылдық қасиеттерін шыңдап шығады.
Мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарына шақырылғаныма қуаныштымын. Себебі десантшы болу, парашюттен жай ғана емес, кәсіби түрде секіріп үйрену де менің бала арманым еді. Енді сол арманымның орындалуына аз қалды. Мен Отан алдындағы борышымды абыроймен атқаруға дайынмын, - деді әскерге шақырылушы Тоқтамұрат Тілек.
ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті болашақ денсантшы сарбаздарды Талдықорған қаласына салтанатты түрде шығарып салды.