Өскеменді безендіру үшін сәулетшілер арасында байқау жарияланды
Жеңімпаздарды арнайы комиссия мен қала тұрғындары таңдайды
Жеңімпаздарға сегіз миллион теңге болатын сыйлық қоры дайындалған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әкімдік жариялап отырған OskemenArch сәулет жобаларының байқауы қаламызды сәулет өнерінің туындыларымен байытып, отандық мамандарға өз өнерін кеңінен паш етуге мүмкіндік береді.
Қазір қалалық сәулет бөлімі еліміздің сәулетшілері мен дизайнерлерінен өтінім қабылдап жатыр. Байқауға қатысу үшін құны 10 миллион теңге болатын шағын сәулет пішіні бойынша жоба, яғни самалжай, фотоаймақ, демалатын алаң және т.б. ұсыну қажет, - деп түсіндірді әкімдіктегілер. - Барлық өтінімдердің ішінен арнайы комиссия 10 қатысушыны таңдап алады. Оларға қала аумағында өз жобасын іске асыру үшін жер учаскелері беріледі. Сондай-ақ, қала басшылығы құрылыс жұмыстарының шығындарын да өтеп бермек.
Тамыз айында он автордың арасында көлемі сегіз миллион теңге болатын сыйлық қоры ұтысқа салынады. Жеңімпаздар конкурстық комиссияның шешімі мен қала тұрғындарының дауыс беруі бойынша анықталады.
Байқаудың бірінші кезеңіне өтінімдер 25 сәуірге дейін қабылданады. Шарттар туралы толығырақ қала әкімдігінің ресми сайтының "Пайдалы сілтемелер" бөліміндегі "OskemenArch архитектуралық жобалар конкурсы" бөлімінен білуге болады.