Ұлттық ұлан сарбазы қоғам дертімен тоқтаусыз күресуде
Ұлттық ұланның қатардағы жауынгері Ерғали Издрганның өмірлік ұстанымы жауынгерлік қызметімен үндеседі
Ол әскер қатарына шақырылмай тұрып, синтетикалық есірткіге қарсы шаралардың ұйытқысы болыпты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Есірткі тасымалдаушының жолын кесу мақсатында батыл қадамдарға барған азамат бүгінде сарбаз атанып Өскемен қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қоғамда болып жатқан оқиғаларға селқос қарамай, салдарымен күресу болашақ ұрпақ қамын ойлаған жанашыр азаматқа тән дүние. Ерғалидың бойында бұл қасиет бар. Қаруластар арасында үлгі атанған сарбаздың жауынгерлік әзірлігі жоғары деңгейде, - дейді №5518 әскери бөлім командирінің орынбасары майор Серік Ноғаев.
Түркістан облысынан шақыртылған мерзімді әскери қызметші жауынгерлік жасақ қатарында қырандай қырағы. Есірткі тасымалдаушы жасырған ораманы табу жолында бұрыш-бұрышқа көз тастап, әрбір күдікті көрінген аймақты жіті бақылайды.
Синтетикалық есірткі – қоғам дерті. Бұл нашаның тұзағына менің таныстарым да ілініп кетті. Сондықтан мен қала тұрғындарының арасынан күдікті көрінгендерді ерекше назарда ұстап, міндетті түрде қадағалаймын. Өйткені олардың қатарында есірткі тасымалдаушы болуы әбден мүмкін. Менің мақсатым - нашақорлықтың алдын алу. Осы орайда Отан алдындағы борышымды Ұлттық ұлан қатарында өткеріп жатқаныма бек қуаныштымын. Алдағы уақытта келісімшарт бойынша әскери қызметші атанып, жауынгерлік қызметімді әрімен қарай жалғастырғым келеді, - дейді №5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Ерғали Издрган.