ШҚО-ның шекаралас аудандарында заманауи спорт алаңдары салынады
"Самұрық-Қазына" АҚ Наурызға орай Қатонқарағай мен Зайсан аудандарына жаңа спорт алаңын сыйламақ
Бұл 20 мыңнан астам адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік бермек, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Самұрық-Қазына" АҚ Наурыз мерекесіне арналған қайырымдылық марафоны аясында Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы – "Samruk-Kazyna Trust" қорының қаржылай қолдауымен Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай мен Зайсан аудандарында жаңа спорт алаңдары пайда болады.
Өңірде алғаш рет бой көтеретін спорт алаңдары екі елдімекеннің 20 мыңнан астам тұрғынына спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын дамытуға мүмкіндік береді.
Шалғай әрі шекаралас екі ауданда әрқайсысының жалпы аумағы 1,7 мың шаршы метрді құрайтын алаң пайда болады, - деп хабарлады ШҚО Қоғамдық даму басқармасы. - Онда жасанды көгалмен көмкерілген аумағы 40х20 м футбол және 24х16 м болатын баскетбол алаңдары, толықтай құрылғылармен қамтылған көлемі 16х16 воркаут аймағы салынады. Алаңның жан-жағы қоршалып, абаттандырылады. Жоспар бойынша спорт алаңдары 2024 жылдың 3-тоқсанында пайдалануға беріледі.