Күршім ауданында қарғын сумен күрес жұмыстары жүріп жатыр
Қаратоғай ауылының су ағатын негізгі каналдары ауылдың ішінен өтеді
Ауа райының күрт жылынуына, жаңбыр жаууына байланысты таудағы қар еріп, ауыл ішімен су болып ағуда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Күршім ауданы әкімдігі ақпаратына сүйеніп.
Тұрғын үйлерді су басу қаупін алдын алу үшін 13 наурыз күні Қаратоғай ауылының арықтарын қардан тазалап, кеңейтуге Қалғұты ауылдық округінен 2 погрузчик, 1 МТЗ 82 тракторы, «Күршім» коммуналдық шаруашылығының екі погрузчик, 1 экскаватор, барлығы 5 техника жұмыс атқаруда, - деп хабарлады Күршім ауданы әкімдігі.
Сонымен қатар, қауіпті деген аймақтарда құм толтырылған қаптардан бөгеулер жасалды. Оған мектеп, мекеме ұжымдарынан, ауыл тұрғындарынан 40 адам, №68303 әскери бөлімінен 25 адам жұмылдырылды.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ауылда аудан әкімінің орынбасары мен төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысы жұмыстарды ұйымдастыруда. Атқарылып жатқан жұмыстар аудан әкімінің тікелей бақылауында.
Осы орайда айта кетейік, кеше Маралды ауылындағы бір үйдің ауласына еріген қар суы жиналған. Маралды ауылдық округ әкімшілігінің қызметкерлері мотопомпамен жайылған суды тазалап, еріген судың арнасын ауылдың ішіндегі арыққа бұрды.