Жақсылық Омар: "Қаладағы бірде-бір үйді су баспауы керек"
Өскемен қаласының әкімі шаһардағы су басу қаупі бар аумақтарды аралады
Күн жылынып, қаланы су басу қаупі артқандықтан төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары жанданды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өткен қыс қатты болғандықтан топырақ қатып, нәтижесінде көктем шыға қарғын су сіңбей қалып жатыр. Сол үшін де қаланың кей аудандарында еріген қар суы көшеге жайылып, халықтың жүріс-тұрысына ыңғайсыздық тудыруда.
Ахмер ауылындағы жаңа мешіт маңында аяқ алып жүру мүмкін емес. Қарғын су өзен болып ағып жатыр.
Қондыбаев көшесінде тұрамыз. 10 жылдай болды осында тұрып жатқанымызға. Жылда көктем шыға осы мәселе. Көшені су басып, лай-батпақта жүре алмай қаламыз. Міне, үшінші күн еріген су жайылып, сарқырап ағып жатыр. Балаларды алып кететін мектеп автобусы тоқтайтын тас жолға дейін көлікпен жеткіземіз, көлігі жоқтар аяқтарына су етік киіп, баланы арқалап шығады, - дейді тұрғындардың бірі Бисара.
Қала әкімі бұл аумақтағы мәселені дереу шешуді тапсырды.
Қарғын су ағып өтетін арық қазылған. Бірақ әкімдіктегілердің айтуынша, тұрғындар қысы-жазы қоқыс-қалдықтарын көшеге тастай бергендіктен, арықтар бітеледі де осындай мәселе туындайды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде Сейфуллин көшесіндегі жаңа мектептің артын да су басқаны туралы видео тараған. Бұл аумақта коммуналдық қызметтер лезде су сору және арықтарды тазарту жұмыстарын жүргізіп, қазір су азайған.
Өскеменнің коммуналдық қызметтері барлық күшті су тасқынымен күрес жұмыстарына жұмылдырды. Проблемалық аумақтарда 50 шақты қызметкер кезекшілік етіп, 40 арнайы техника мен мото-помпалар жұмылдырылған.
Мақсатымыз – қаладағы бірде-бір үй су тасқынынан зардап шекпеуі керек. Сол үшін де су тасқынына ерте дайындаламыз. Күзден бастап, қыс, ерте көктемде жұмыстарды жалғастырамыз. Күзде су өтетін арықтарды, тоғандарды тазаладық. Көктемде еріп, бізге қиындық тудырмас үшін қыс бойы қаланың ішіндегі қарды уақтылы тазартып отырдық, - дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. - Ерте көктемде әсіресе қаланың шеткі аудандарында су басу мәселесі туындайды. Әсіресе, Ахмер, Меновное, Защита, Согра, 20-ші, 22-ші шағын аудандар. Бірақ біз бұл мәселелерді бақылауда ұстап отырмыз. Қалай жұмыс істеу керек, не істеу керек екенін жақсы білеміз.
Қазір қалада күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай жіті бақылауда. Халықты қиын жағдайда қалдырмау үшін төтенше жағдайлар қызметкерлері, әкімдік қызметкерлері мен жергілікті басқару органдары жұмыла, белсенді жұмыс атқарып жатыр.