Асем Хамитовна: "Қазіргі балалар еркін ойлы, өте белсенді әрі жан-жақты"
Мұғалім оқушымен дұрыс қарым-қатынас орнатып, оны түсіне білуі керек
Қасым Қайсенов кентінің орта мектебі заман талабына қарай білім берудің әлемдік трендтерін қолдануда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Былтыр қыркүйек айында Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде 320 орындық жаңа мектеп ашылған. Жаңа оқу ошағының тізгіні Чамакаева Асем Хамитовнаның қолында.
Айта кетейік, елде мектеп директорлары лауазымына кадр жетіспеушілігі мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Оны шешу үшін былтыр президенттік кадрлық резерв мысалында "Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы" жобасы іске қосылған болатын. Бастапқы кезеңде жобаға қатысуға 8068 адам тіркеліп, оның 2809-ы тестілеуден өтті. Барлық бес кезеңнен өтіп, сертификат алғандардың қатарында Асем Хамитовна да бар.
Директорлар корпусының кадрлық резервіне өтініш білдірдім, бастапқыда 8 мың адам анкета толтырған. Маусым айында тест тапсырып, тестен өткендер Семейде базалық деңгей курсына жіберілді. Ары қарай ілгері деңгей, кәсіби деңгейін тәмамдадым. Кейін комиссия алдында әңгімелесуден өтіп, сертификат алдым. Барлық этаптан өткен 208 адам ғана кадрлық резерв құрамын енді, - дейді Асем Хамитовна.
Білім беру ісінде жиырма жылдам астам тәжірибесі бар Асем Хамитовна математикадан облыстық "Алтын белгі" иегерлерінің жұмыстарын тексеру бойынша комиссия мүшесі болып табылады, сондай-ақ Ұлан ауданы бойынша педагогтерді аттестациялау комиссиясының мүшесі, AMANAT партиясының Қ. Қайсенов кенті бойынша бастауыш партия ұйымының төрайымы.
Асем Чамакаева Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Әуезов атындағы орта мектепті бітіріп, 1998 жылы ШҚМУ-дың "математика" мамандығына оқуға түседі. 2002 жылы оны қызыл дипломмен аяқтап, 2004 жылы математика магистрі атағын алды.
2002-2005 жылдар аралығында С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың "Математика, физика, информатика" кафедрасында оқытушы болып жұмыс атқардым. Кейін Қазақстан-Американ еркін университетінде сабақ бердім, - дейді педагог. - 2006 жылы Райымжан Марсеков атындағы мектепке шақырылып, 2016 жылға дейін математика пәні мұғалімі болып қызмет еттім. 2016-2023 жыл аралығында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.
2021 жылы Қайсенов кентінде қазақ орта мектебінің құрылысы басталып, 2022 жылдың желтоқсан айында құрылыс аяқталды.
Кенттегі жаңа мектептің құрылысы басталғанда білім ошағының директорының міндетін атқару қызметін ұсынды. Сол сәттен мектептің құрылтайшы құжаттарын әзірлеуге кірістім және мектеп құрылысы, жабдықталуы барысында басы-қасында болып, жаңа мектепті қабылдап алдым. 2023 жылдың 6 наурызында мектептің техникалық ашылуы болды. Ал қыркүйек айында оқушыларды қабылдап, жұмысымызды бастап кеттік. Қыркүйек айында конкурс арқылы осы мектеп директоры қызметіне тағайындалдым, - дейді Асем Хамитовна.
Жаңа мектеп 320 орындық. Қазіргі уақытта екі ауысымда 538 бала білім алуда.
Мектепте барлығы 38 кабинет бар. Оның ішінде физика, химия, биология жаңа модификациялы кабинеттер және 6 информатика кабинеті. Бұл мектеп техникалық жағынан өте жақсы жабдықталған. Өйткені барлық кабинеттерде заманауи интерактивті панелді экрандар орналасқан. Бұл мұғалімдерге сабақ беруде өте тиімді, - дейді мектеп директоры. - Оқушыларға білім алу үшін өте ыңғайлы жағдайлар жасалған. Балалардың демалу аймақтары, коворкинг алаңдары бар. Бастауыш кабинеттері де интерактивтік панель, теледидар мен музыкалық орталықпен қамтамасыз етілген. Әр кабинетте интернет тартылған, пән мұғалімдерінің жұмыс орны заманауи кеңсе техникасымен толықтай жабдықталған.
Жаңа мектептке осы кенттегі Р. Марсеков атындағы мектептен 33 мұғалім ауысып келген. Сонымен қатар, конкурс негізінде басқа да штатқа қажетті мамандар толыққан. Мектеп ұжымының 80 пайызы креативті, белсенді, ізденіс үстіндегі жастар.
Заман талабына қарай білім берудің әлемдік трендтерін пайдаланып келеміз. Ол дегеніміз – цифрлық білім беру, геймификация, ұжымдық процестер, пәнаралық байланыс сияқты әдістер, - деп атап өтті Асем Хамитовна. - Өйткені қазіргі оқушылар - гаджеттерге байланған балалар. Жаһандану заманында осы балалардың көңілін білімге аудару үшін күресіп келеміз. Цифрлық ресурстарды пайдаланып, сабаққа қызығушылықтарын, белсенділіктерін арттыру арқылы жұмыс істеп жатырмыз.
Сабақ берудің дәстүрлі жүйесінен бастап, жаңартылған білім беру мазмұнына дейінгі барлық өзгерістерден өткен ұстаз ең бірінші оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты дұрыс жолға қою маңызды екенін айтады.
Яғни, мұғалім оқушыны көзқарасынан түсініп, көңіл күйін таба білуі керек. Қарым-қатынас дұрыс жолға қойылса ғана өзіндік әдіс-тәсілдерді қолданып, сапалы білім беруге болады. Мен көбінесе интербелсенді әдістерді қолданамын, - дейді Асем Чамакаева. - Қазіргі балалар бұрынғы заман балаларына қарағанда өте белсенді, жан-жақты, олардың көзқарастары терең, барлығын біледі және жақсы түсінеді. Өз ойын еркін жеткізе алады. Егер оқушымен жақсы қарым-қатынас орнатып, диалогқа тартып, терең ойлануға бағыттап жұмыс жүргізетін болсақ, бұл оқушылар өте жоғары нәтиже көрсетеді.
Сонымен қатар, мектеп оқушыларға білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді де мақсат еткен. Балалардың бойындағы отансүйгіштік, адалдық, ұлттық қасиеттерін дамытуға тырысуда. Ол үшін мектепте "шаңырақтар" құрылған. Яғни, жоғары және төменгі сыныптар бір топта, бір шаңырақта өзара араласып, бір-біріне көмектесіп, бірлесіп түрлі іс-шаралар атқарады.