Өскемен қаласының әкімі жергілікті кәсіпкерлерді қабылдады
Кезекті қабылдауға келген кәсіпкерлер істерін ілгерілету үшін қала басшылығынан көмек сұрады
Қала әкімі Жақсылық Омар әр кәсіпкерді тыңдап, қоластындағы әр сала мамандарына мәселелерді шешугі тиісті тапсырма берді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шаһар басшысының қабылдауына келген Жанна Чепрасова 19-шы шағын ауданнан би мектебін ашпақшы.
"Kids dance" би студиясының ашылғанына 5 жылдай уақыт болды. Бүгінде қаладағы 400 балаға би үйретіп жатырмыз, - дейді кәсіпкер Жанна Тоқановна. - Екі жыл болды үйірмеге бала қабылдамаймын. Себебі дайындалатын жер таршылық етеді. Қазір би студиясы "Көкжал" мейрамханасының қосымша ғимаратында орналасқан. Бірақ сұраныс артып келеді.
Кәсіпкер би мектебін салу үшін 10 сотық жер сұрайды.
Қала әкімі жер қатынастары бөлімінің басшысына осы сұрақты назарға алып, кәсіпкерге аукцион арқылы жер алу, ол үшін қажетті барлық заңнамалық үрдістерді түсіндіріп, көмектесуді тапсырды.
Сонымен қатар, қалада Oskemen Creative креативті индустрия орталығын ашуға ниетті Аяжан Қайырқанқызы шаһар басшысымен жолығып, жоба жайлы ақпарат ұсынды. Бұл орталық - шығармашылық идеялар алаңына айналмақ. Орталықта дарынды әрі бастамашыл жандарға қолдау, олардың жобаларын коммерцияландыруға көмек көрсетіледі.