Президент: "Ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық салаға айналуы керек"
Қасым-Жомарт Тоқаев "Шығыс-Сүт" корпорациясының өндіріс алаңын аралап көрді
Корпорация 100-ден астам тауар түрін шығарады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына жаңа технологияларды пайдалана отырып, сүт өңдеумен және сүт өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорынның жұмысы жөнінде мәлімет берілді.
Бүгінде компания өтімді ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуға күш салып отыр.
Корпорацияның иелігінде 4 шаруашылық, соның ішінде сиырларды автоматты түрде саууға және жемдеуге арналған құрылғымен жабдықталған роботты ферма бар. Бұған қоса, кәсіпорын өнім шығару үшін өңірдегі 22 елді мекеннен сүт жинайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшылармен әңгімелесіп, қазіргі ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық салаға айналуы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ, компания ұжымына табыс тіледі.