Жекеше қаулы шығару – заң үстемдігінің кепілі
Соттың жекеше қаулылар шығару практикасы сот төрелігі органы қызметінің маңызды бөлігінің бірі болып табылады
Өйткені бұл заңдылықты сақтаудың, бұзушылықтардың алдын алудың, мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың қызметіндегі кемшіліктерді ашудың және жоюдың тиімді құралы болып табылады.
Сот актісі орындалуымен құнды. Бұл дегеніміз халықтың сотқа деген сенімділігіне, көзқарасына әсер ететін басты себеп, - дейді Өскемен қаласының мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің бас маман сот отырысының хатшысы Анар Белгібаева. - Іске қатысушы тараптарды әуре-сарсаңға түсірмей, істің қаралуын созбалаңға салдырмау бүгінгі күннің басты талабы.
Істерді қарау кезінде төрағалық етуші судья заңбұзушылықты анықтаған жағдайда жеке қаулылар мен ұйғарымдар шығарылады.
Айта кетейік, мамандандырылған тергеу сотының судьялары сот-тергеу тәжірибесін қалыптастыру және заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына қатысты заң бұзушылықтар бойынша 2023 жылдың 12 айында 23 жеке қаулы шығарған.
Жеке қаулылардың, ұйғарымдардың көшірмелері тиісті ұйымдарға, лауазымды және басқару функцияларын атқаратын өзге де тұлғаларға мәлімет үшін жіберіледі. Жеке қаулыға шағым және прокурордың талап-тілегі Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына қаулы жарияланған уақыттан бастап 15 тәулік ішінде сот арқылы келтірілуі мүмкін.
Сот актілері заңды күшіне енгеннен кейін жеке қаулылардың, ұйғарымдардың көшірмелері орындауға жіберіледі. Жеке қаулы бойынша бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей қажеттi шаралар қолданылып, оның нәтижелерi сотқа жолдануы қажет, - дейді Анар Жолдасбековна. - Есепке алу құжаттарында жеке қаулылар, ұйғарымдар және олардың орындалуы бойынша деректемелер толтырылады. Содан соң оны бақылау жеке қаулыларды, ұйғарымдарды есепке алудың электрондық журналы бойынша жүзеге асырылады. Жеке қаулылардың, ұйғарымдардың және орындалуы жөніндегі шығыс, кіріс құжаттардың электрондық мазмұны есептік құжаттарға салынады. Қажет жағдайларда кіріс, шығыс және ішкі құжаттардың арасында байланыстыру жүргізіледі. Егер мазмұны өзара бір-бірімен байланысты есептік құжаттарға салынса, онда қайталау талап етілмейді.
Жеке қаулылардың, ұйғарымдардың орындалуын бақылауды сот төрағасы, іске төрағалық еткен судьялар және әкімшісінің басшысы жүзеге асырады.