Катонқарағай ауданында елік атқан адам ұсталды
Күдіктінің көлігінен еліктің ұшасы мен мылтық табылды
1-29 ақпан аралығында өңір аумағында тәртіп сақшылары "Браконьер" жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Осыған байланысты тас жолдарда браконьерлік фактілері мен қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтауға және тасымалдауға рұқсаттардың бар-жоғын анықтау үшін көлік құралдарын тоқтатып, тексеруде.
Осындай тексерулердің бірінде Катонқарағай ауданының полиция қызметкерлері ВАЗ 2121 маркалы автокөлігін тоқтатқан, - деп хабарлады ШҚО ПД. - Оның жүргізушісі жүксалғышта еліктің ұшасын және тіркелмеген мылтықты алып жүрген.
Заңсыз аң аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, күдікті үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Браконьер" ЖПІШ басталғаннан бері өңірде 180-нен астам құқық бұзушылық анықталғанын айта кеткен жөн.