Өскемендіктер "Қар қызы" драмасын тағы бір мәрте тамашалады
ШҚО драма театры марқұм Бердібек Сапарбаевтың құрметіне үздік қойылымдардың бірін қойды
Облыстық драма театрдың ашылуына Бердібек Сапарбаев мұрындық болған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бердібек Мәшбекұлы тәуелсіз Қазақстан тарихиындағы бес облысты басқарған әзірге жалғыз әкім. 2019 жылдан 2014 жылға дейін ШҚО әкімі болған уақытта қалаға, бүкіл облысқа аз еңбек сіңірген жоқ. Оны шығыс жұрты естен шығармақ емес.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда дүниеге келіп, былтыр 70 жасында дүниеден озды. Саясаткердің туған күніне орай еске алу мақсатында ШҚО-да бірқатар шаралар өтті. Солардың бірі – ШҚО драма театры көрермен назарына "Қар қызы" спектаклін ұсынды. Қойылым алдында жиналған жұрт Бердібек Мәшбекұлының өмір жолы мен қызмет жолынан сыр шертетін естелік видео тамашалады.
Шығыс Қазақстан облысының тарихында есімі ерекше қалатын сұңғыла саясаткер, мемлекет қайраткері Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының туған күніне орай "Қар қызы" спектаклін сахналадық, - дейді ШҚО драма театрының баспасөз хатшысы Еркежан Айтқазықызы. - Бұл жерлес жазушы Оралхан Бөкей шығармалары арасындағы шоқтығы биік классика болғасын көрерменге тағы бір мәрте осы күнге орай ұсынсақ деген ниет болды. Жалпы облыстық драма театрдың үлкен мәдени ошақ ретінде қалыптасуы, республикалық, халықаралық фестивальдерге барып, театр өнерінің дәрежесінің өсуі тікелей Бердібек Сапарбаевтың есімімен байланысты. Өскеменнің қақ ортасынан орын тепкен, архитектуралық әдемілігімен көз тартатын бұл ғимараттың құрылысының басталуына сол кісі мұрындық болды.
Алтайдың асқақ жазушысы Оралхан Бөкейдің аңызбен астасқан драмасының астарында айтылар ақиқат көп. Қаламгердің "Қар қызы" драмасын былтыр арнайы шақыртылған режиссер Дина Жұмабай Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы қарсаңында сахналаған болатын.
Айта кетейік, бұл күні драма театр фойесінде облыстық Өлкетану мұражайы Бердібек Мәшбекұлына арналған фотокөрме ұсынды.