Сәулетшілер Өскемен қаласының жаңа дизайн-кодын ұсынды
Бұл - қаланың әр көшесін абаттандыру мен безендіруге бойынша бірыңғай стандартқа негізделген құжат
Әзірге Шәкәрім даңғылы, Чехов, Нұрмағамбетов және Назарбаев көшелерінің дизайн-коды белгілі болды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Облыс орталықтары арасында дизайн-кодты Өскемен қаласы алғашқы болып қабылдап отыр. Оны жергілікті архитекторлар Борис Невзоров пен Андрей Зверев жасады.
Сәулетші мамандар құрылыстың әртүрлі типтеріндегі төрт көшеге арналған дизайн-код әзірледі. Бұл Чехов көшесі (тарихи құрылыс), Шәкәрім даңғылы (50-ші жылдар), Нұрмағамбетов көшесі (60-шы жылдар) және Қазақстан көшесі (70-ші жылдар). Кейіннен осы әзірлемелер негізінде қаланың басқа көшелерінің де стандарттары жасалады.
Дизайн-код дегеніміз - кез келген қаланың келбетін, архитектуралық ұсқынын ретке келтіретін құжат, - деп түсіндірді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. - Болашақта осы көшелерде орналасқан коммерциялық нысан иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін болса, осы бекітілген дизайн-кодты негізге алуы міндетті. Жаңадан бой көтеретін үйлер, салынатын ғимараттар мен олардың 1-қабаттарындағы коммерциялық нысандар осы дизайн-код негізінде жасалуы керек болады.
Ал қазір жұмыс істеп тұрған дүкен, сұлулық салондары, дәріхана, дәмханалар және өзге де нысан иелеріне осы дизайн-кодқа сәйкес өзгерту керек деген талап қойылмайды.
Бірақ Өскемен қаласының кәсіпкерлері қаламызға тілектес болып, абаттандыру бойынша жобаларымызды іске асыру кезінде өз мүлкін де сәйкестендіретініне сенімдіміз. Кеңістікті біртұтас архитектуралық келбетке келтіру оны тартымды орынға айналдыратынын, яғни кәсіпкерлердің табысының өсуіне ықпал ететінін атап өткен жөн, - деп атап өтті шаһар басшысы.
Осы жоба бойынша ең бірінші Қазақстан көшесін абаттандыру қолға алынады. Қабанбай батыр даңғылынан Мыза көшесіне дейінгі Қазақстан көшесі кешенді түрде жөндеуден өтеді.
Өйткені бұл аумақта орталық базар орналасқан, жүздеген коммерциялық нысан бар, халық көп жүретін орталық көше. Сол себепті де демалыс орындарын, тұрғын үйлердің қасбетін, жаяу жүргіншілердің жолдарын, көлік қоятын орындарды ыңғайластыру, коммерциялық нысандардың келбетін бір ретке келтіру жұмыстарын толығымен бастайтын боламыз. Оған қаржы қарастырылған, ауа райы қолайлы болған сәтте жұмыстар басталады, - дейді Жақсылық Мұқашұлы.