Өскемендік ұландар алғашқы жауынгерлік қызметке шықты
2023 жылғы екі шақырылымнан құралған 116 сарбаз алғашқы жауынгерлік міндеттерін орындауға мұқият кірісті
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінің жас сарбаздары жауынгерлік қызметке алғашқы рет аттанды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Жақында ғана әскери ант қабылдаған жас жауынгерлерге қару-жарақ бекітіліп, әскери техника тағайындалды.
Енді олар Өскемен қаласының көшелерін торуылдап, жауынгерлік қызмет етуге кірісті. Айта кетейік, жас сарбаздардан құралған жауынгерлік жасақ Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін, қала тыныштығын қамтамасыз етеді.
Әскери бөлім ішінде әскери жарғы талаптарын қатаң сақтауды, халыққа қалтқысыз қызмет етуді бойларына сіңірген жауынгерлік жасаққа жүктелер міндет көп. Жас сарбаздар әскери қызмет кезінде тонау, ұрлық және қарақшылық фактілерін ашады. Жауынгерлік жасақ әсіресе, соңғы уақытта қоғамда белең алған синтетикалық есірткілер тасымалының жолын кеседі деген нық сенімдемін, - дейді №5518 әскери бөлімінің командирі подполковник Медет Ертайлақов.