ШҚО-да 140 мыңға жуық адамның зейнетақысы өсті
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы 7%-ға, ынтымақты зейнетақы 9%-ға артты
Шығыс Қазақстан облысында 137 482 зейнеткердің зейнетақысы өсті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ ШҚОФ ақпаратына сүйеніп.
Осы орайда айта кетейік, 1, 2 және 3 бала туылған кезде біржолғы жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, төртінші және одан да көп балаға - 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғайды. I топтағы мүгедек адамдарға берілетін жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топтағы жәрдемақы – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы жәрдемақы – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайды. Бұдан басқа, мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 7%-ға өсті.
Облыс бойынша 19 784 мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушыға, 8 731 асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушыға, 18 478 арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыға, 1 755 бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы алушыға, сондай-ақ 7 973 көпбалалы отбасына, "Алтын алқа", "Күміс алқамен"марапатталған көпбалалы 3769 анаға берілетін төлем өсті, - деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ ШҚОФ директорының орынбасары Айжан Ағыбаева.
Сондай-ақ, мемлекеттік корпорациямен көрсетілетін 26 мемлекеттік қызмет түріне электронды түрде онлайн өтініш беруге болатынын, ол үшін қызмет алушылардың ұялы телефон нөмірлері міндетті түрде мобильді азаматтар базасына (МАБ) тіркелуі керек екенін жеткізді.