Ұлттық ұлан кәсіби мерекесін атап өтті
Биыл Ұлттық ұланның құрылғанына 32 жыл толып отыр
Айтулы күнге орай "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінде мерекелік іс-шара өтті. Жиында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген елуге жуық маман марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың және "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев алғыс хат және бірнеше ведомстволық төсбелгілер табыстады.
Тәуелсіз мемлекетіміздің қорғандары өздерінің төл мерекелерін атап өтіп жатыр. Қызметтік-жауынгерлік міндеттерін орындауда көзген түскен әскери қызметшілердің өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқар үлесі зор. Сондықтан кәсіби мерекеде ел қауіпсіздігіне қалқан болған азаматтарға құрмет көрсеттік, - дейді "Шығыс"өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев.
Бүгінде Ұлттық ұлан әскері қоғамдық тыныштықты сақтау, маңызды мемлекеттік нысандарды қорғау, сотталғандарды күзету мен айдауылдау, мемлекет аясында өткізілетін іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді бірқатар өзіне жүктелген міндеттерді табысты орындауда. Еске салайық, Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихи жылнамасы сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1992 жылы 10 қаңтардан бастау алады. Салтанатты кеш мерекелік көңіл-күйге ұласып, өңірдің дарынды ұл-қыздары ел іргесін қорғап жүрген әскери қызметкерлерге арнап, ән-жырдан шашу шашты.