Ұлттық ұланда жаңа оқу кезеңі басталды
Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде 2024 жылғы жаңа оқу кезеңі басталды
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпараты бойынша, оқу кезеңі басталу сәтінде әскери оркестрдің орындауында әнұран шырқалып, жауынгерлік ту жоғары көтерілді.
Жаңа маусымға аяқ баспас бұрын ұландықтар өткен жылға қысқаша шолу жасап, сондай-ақ биылға арналған жүйелі жоспарларын ортаға салды. Шара барысында қолбасшылық басқармасының офицерлерімен мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтары өтті. Алғашқы сабақты "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев жүргізді.
Мемлекет басшысы атап өткендей "Біздің қарулы күштеріміз - мемлекетіміздің мызғымас тірегі". Сондықтан біздің басты міндетіміз – ел тұтастығын сақтап, 130 ұлт өкілдері мекен ететін зайырлы еліміздің ынтымағын нығайту болып табылады, - деді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев.
Саптық алаңда сап түзеген ұландықтар қару-жарақ пен әскери техниканы, сондай-ақ әскери мүліктерді дұрыс қолдану, кез келген міндеттерді атқару кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша тәжірибелік сабақтарға тарасты. Жаңа оқу жылында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлер алдында атқарылар бірқатар жауапты міндеттер тұр.