Өскеменде алғаш рет жергілікті әртістер "Жарқанат" опереттасын қойды
"Ертіс концерт" ғимаратының концерт залында үлкен аншлагпен Иоганн Штраустың әлемге әйгілі "Жарқанат" опереттасы сахналанды
Бұл өнерсүйер шығысқазақстандықтарға арналған жаңажылдық ерекше сыйлық болды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ғажап, әйгілі "Жарқанат" әлемнің үздік музыкалық спектакльдерінің қатарына енген.
Бет-бейнесін карнавал маскасымен жасырған әйелі өзінің опасыз күйеуін азғырады – бұл әлемге әйгілі "Жарқанат" сюжетіне негіз болған шынайы оқиға.
Екі сағаттан астам уақыт бойы "Ертіс концерт" әртістері көрерменге музыкалық театр жанрындағы керемет қойылым ұсынды.
Басты партияларды орындаған солистер: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері және халықаралық конкурстардың лауреаттары Альмира Нұрғожина, Айжан Мазкенова, Жанат Бисимбаев, Арника Байбосынова, Ботагөз Жұмабекова, Абзал Ес, Абай Қайырбек.
Сондай-ақ, опереттаға "Алтай" би ансамблі қатысты.
Әртістердің өнерін сахнада бас дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Александр Галсановтың жетекшілігіндегі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі сүйемелдеді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев оперетта аяқталғаннан кейін әртістерге алғысын білдірді.
Шығыс Қазақстан әрқашан өзінің жоғары мәдениетімен ерекшеленеді. Бүгін сіздердің орындауларыңыздағы қойылымды зал сүйсіне тамашалады. Көрермендер арасында Зайсан, Ұлан, Риддер және басқа да аудандардан келген тұрғындарымыз болды. Мәдениет, өнер қашанда адамдарды біріктіреді. Жаңа жыл қарсаңында сіздер бәрімізге керемет көңіл күй сыйладыңыздар. Үлкен сахналарда өнер көрсетуге дайындалыңыздар, біз еліміздің театр сахналарында өз таланттарымызды лайықты түрде көрсететін боламыз, – деді Ермек Көшербаев.
Оперетта XIX ғасырдың ортасында Париж бульварларында дүниеге келген. Бұл – өз дәуірінің және өз қаласының – 50-ші жылдардағы әйгілі, тамаша, көркем Париждің өжет, тентек, бүлікші баласы. Жергілікті әртістердің талантының арқасында Өскемен тұрғындары мен қонақтары Елисей даласының атмосферасын сезінгендей болды.