Өскеменде алғаш рет қыздар да сарбаздармен бірге әскери ант берді
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөліміндегі ант қабылдау рәсімі жылдағыдан ерекше өтті
Отан алдындағы борышын атқаруға келген екі жүзден астам жас жігіттермен бірге қару асынған үш нәзікжанды ару ант қабылдады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Бұл арулар келісімшарт бойынша түрлі лауазымдарға тағайындалған әр саланың мамандары. Олардың бірі - қатардағы Мөлдір Жанболатқызы. Ол құжаттамалық қамтамасыз бөлімшесінің маманы қызметін атқармақ.
Бүгін мен үшін ерекше күн. Оттан ыстық Отанымды қорғауда тайынбай қызмет етуге әзірмін. Кешегі Әлия, Мәншүк сынды батыр қыздардың ерлікке толы даңғыл жолдары бізге үлгі. Сондықтан ендігі уақытта Отан алдындағы борышымды адал атқаруға барымды салмақпын, - дейді қатардағы жауынгер Мөлдір Кенжебекова.
Салтанатты шараға Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылығының әскерилері мен ардагерлері қатысып, жастарға ізгі тілектерін жолдады. Сап түзеген сарбаздардың семсер сүйіп серт берген мерейлі сәтіне ата-аналары да куә болды.
Бүгін біз баламыздың қуанышын көруге арнайы келдік. Мұнда менің баламның жағдайы жақсы екен. Әрине, оған еш күмән болмады. Кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалғандай көрінеді. Отан үшін берген уәдесін адал орындап, туған жеріне абыроймен оралады деп бек сенемін, - дейді сарбаздың анасы Таңнұр Әлтауыт.
Бүгінгі кеште әрбір ант қабылдаушы өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен сезінгені анық. Өйткені салтанатты рәсім әскерилер үшін ерекше жоралғы - сарбаз бойындағы патриотизмді арттырып, Ұлттық ұлан қатарында адал қызмет атқару тәрізді қасиеттерге тәрбиелейді. Айта кетейік, Өскемен қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтейтіндер Алматы, Ақмола, Павлодар және Қызылорда облыстарынан шақыртылған.