Өскемендегі үйлердің шатырларына қатқан мұзды кім тазартуы керек?
Көпқабатты үйлердің шатырындағы суағарларға қатқан мұз адамдарға қауіп төндіреді
Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының офицері Азамат Ақзамбеков тұрғындарға күн жылынғанда туындауы мүмкін қауіптер жайын ескертті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Күн жылына бастаған кезде шатырлардағы қар ери бастайды. Бұл қар ылғалдылықтың әсерінен 3 есе ауыр болады. Әдетте, мұндай масса өзінің құрамы бойынша біртекті емес және еріген қардың күпсек қоспасы мен қалың мұз кесектерінен тұратындықтан, көбінесе едәуір салмағы мен көлемі халық үшін үлкен қауіп төндіреді. Жарақаттанудың алдын алу үшін ата-аналар өз балаларын тұрғын үйлер мен ғимараттардың жанынан өткенде қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретуі қажет, - деді Азамат Ақзамбеков.
Сондай-ақ, ол тұрғындардан мұқият және абай болуды, көшеде үйлерден алшақ жүруді, автокөліктерді үйлердің жанына қоймау керектігін ескертті.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық меншік нысанындағы ұйымдардың басшылары, ТКШ бөлімдері, пәтер иелері кооперативтері мен жекеменшік секторындағы үй иелері шатырлардағы қарды тазартуды, жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретін орындардағы мұз бен сүңгілерді алып тастауды ұйымдастырулары қажет, - деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі Қымбат Абышева 2022-2023 жылдары қысқы кезеңде кондоминиум объектісінің басқару органдары аулаларды қардан тазарту жұмыстарын бірнеше рет жүргізгенін айтты.
Барлығы 639 аула аумағы тазартылды, сондай-ақ 105 коммерциялық нысанға хабарлама тапсыру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, - деп түсіндірді Қымбат Әбішева.